Реферат

Реферат Курс лекций по Обшей Экологии

Работа добавлена на сайт bukvasha.net: 2015-10-28

Поможем написать учебную работу

Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.

Предоплата всего

от 25%

Подписываем

договор

Выберите тип работы:

Скидка 25% при заказе до 26.11.2024





Тақырыбы: «Су ресурстарын қорғау»

Жоспар:

I   Кіріспе

Су- өмірдің нәрі 

Су ресурстарыныңмаңызы

II Негізгі бөлім

Тұщы су қорын тиімді пайдалану

Қазақстанның су ресурстары

а) Каспий аймағының экологиялық жағдайы

б) Арал теңізінің экологиялық мәселелері

в) Балқаш көлінің экологиялық мәселелері

г) Кіші өзендерді қорғау мәселесі

Судың ластану мәселесі

Жер асты және жер үсті суларының ластану көздері

Судың өздігінен тазалануы

«Таза ауыз су» проблемасы

III Қорытынды

Су ресурстарының сарқылуының алдын алуға бағытталған кейбір іс-шаралар 

Таза ауыз су алу жолындағы жаңа ғылыми-техникалық озық әдіс

         Табиғат байлықтарының ішінде судың орны ерекше. Сусыз жер бетінде тіршіліктің болуы мүмкін емес. Сондықтан «Су - өмір нәрі» деп бекер айтылмайды. Жер бетіндегі тіршіліктің барлық формасы үшін су қажет, онсыз тіршілік процесі жүрмейді. Жер бетінің 77,5 процентін су алып жатыр. Су қорларына - өзен- көл, теңіз-мұхит, жер асты сулары, мұзды және қарлы аймақтағы су, атмосфералық ылғал кіреді. Жер шарының сулы қабатын, яғни өзен-көл, теңіз-мұхит, жер асты сулары, тоған, су қоймалары және шалшықты-батпақты жерлер жиынын – гидросфера деп атайды.

         Су – түсі, иісі және дәмі жоқ сұйық зат, жақсы ерітуші, айқын копиллярлық қасиеті бар. Суды, негізінен тіршілік иелері – адамзат, жан-жануар, микроорганизмдер және өсімдіктер дүниесі пайдаланады. Су, тірі организмдердің дене кұрамына кіріп, ондағы зат және энергия алмасуына қатысады. Денедегі су мөлшері 10-12 процентке кемісе, адам әлсіреп, шөлдеп, аяқ-қолы дірілдеп жалпы жағдайы нашарлай бастайды. 20-25 процентке кемісе өмір сүруі тоқтайды. Бір адам жылына 50 тонна суды пайдаланатын көрінеді.

        Судың жылуды аз жоғалтып, көп жинайтын қасиеттеріне байланысты, жылу тарту жүйелерінде ол кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларында да, су көп мөлшерде қолданылдады. Көптеген өндірістік процестерде – кептіру, жылыту, энергия алу, жүк тасу, коммуналдық – шаруашылық т.б. қажеттіліктер үшін су таптырмайтын ресурс көзі.

        Су физикалық, химиялық тұрғыдан қарағанда ең күрделі заттың біріне жатады. Оны таза күйінде алу өте қиын. Таза су барлық уақытта жеңіл су (Н2О) мен аз мөлшерде ауыр және аса ауыр судан тұрады.

        Басқа заттармен салыстырғанда судың өте көп аномалиялық (ауытқулық) қасиеттері бар.

1.              00С ден 40С дейін қыздырғанда судың көлемі көбеймейді, керісінше азаяды.

2.              Басқа деңгейлердей емес, су көлемі қатқанда сығылысудың орнына үлкейіп, оның тығыздығы төмендейді.

3.              Қысым көтерілгенде судың қату температурасы көтерілмейді, ол төмендейді.

4.              жылу сыйымдылығының және жылу өткізгіштігінің жоғары болуы.

5.              Булану кезінде жылу сіңіріледі, ал будан конденсациялану мен қату кезінде керісінше жылу бөлінеді.

Су табиғатта үш агрегатты күйде: сұйық, қатты және газ тәрізді түрде бола алатын жалғыз зат болып саналады.

         Мыңдаған жылдар бойы тарихында адам баласы тұщы судан таршылық көрмей, өзінің тұрмыс қажеттерін толық қанағаттандырып келді. Алайда «судың да сұрауы бар» емес пе? Адам баласының мәдениеті мен техниканың, өндіріс құралдарының жетілуі, осы арқылы халық санының артуы суға өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Адам баласының суға деген қажеттілігі арта түсті. Бұл қажеттіліктің артқаны сондай, өндірістер шоғырланған және халық тығыз орналасқан  жерлерде су тапшылығы анық байқалып отыр. Ғалымдардың есебі бойынша жер шарындағы барлық суды адам баласына бөлетін болса, әр адамға 3800 миллиард литрден су келеді екен. Алайда, сонша көп судың екі процентке жетер-жетпес бөлігі ғана ішуге жарайтын тұщы су. Судың жетіспеуі осыдан шығып отыр. Сондықтан, қазіргі адам баласының назары теңіздің ащы суларын тұщыландыру мәселесіне ауып отыр.

        Тұщы сулардың қоры жалпы су қорларының 2,5% құрайды, немесе 35 млн.км.3. Бұл сулардың орташа тұздылығы 1г/л аспайды. Планетаның әр тұрғынына келетін тұщы су мөлшері шамамен 8 млн.м.3. Тұщы сулардың 30% жер астындағы сулар. Тұщы судың негізгі қоры тау бастарындағы мұздықтарда, Арктика мен Антарктида мұздарында – 97% . Антарктидада мұздың ең қалың 4,78 км теңіз қабаты және дүние жүзі бойынша ең таза суы бар теңіз Уэддела осы Антарктидада тіркелген. Оның мөлдірлігі тазартылған судыкіндей. Жер шарындағы барлық өзендер 650-700 жыл ішінде қанша су берсе, тау мұздарында да сонша су бар. Адамзаттың өз тіршілігіне пайдалана алатын судың мөлшері тек 3% (өзен, көл және су қоймаларының сулары), су көздерінің басым көпшілігін пайдалану өте қиынға түседі.

        Жер жүзі бойынша мыңға жуық тұщыландыру қондырғылары бар. Олар тәулігіне 1,5 млн. Текше метр су тұщылайды. Бұл әрине аз. Оған қоса тұщыланған суды қажетті мөлшерге дейін минералдандыру өте қымбатқа түседі. Сондықтан бұл әдіс жақын араның ішінде қажетті мөлшерде тұщы су береді деп айту қиын. Дегенмен техникасы жетілген жағдайда болашақта адамдарды сумен қамтамасыз етуде белгілі орын алуы тиіс.

         Суды көбейтудің тағы бір жолы – мәңгілік суды еріту. Мұның әдісі көп. Мысалы полярлық мұздарды сол жерде ерітіп қажетті жерге тасу. Бұл өте қымбатқа түседі және еңбекті көп қажет етеді. Тау мұздарын ерітіп және қайтадан қолдан қар жауғызу арқылы қажет кезінде су алып тұруға болады. Мұздан су алудың көптеген әдістерінің ішіндегі тиімдісі – мұзтауларды еріту болып табылады. Оның саны өте көп. Н.Н.Горскийдің деректері бойынша совет зерттеушілері Антарктидадан ғана 4165 текше км су беретін 31000 мұзтау тапқан. Оларды Африка және Солтүстік Америкаға және тағы басқа жерлерге жеткізудің жобалары да бар. Мұзтауларды ауыз су ретінде пайдаланудың экономикалық тиімділігі және оның тасып әкелген жердің ауа райына ықпалы есептелді. Бұл әдіс адам баласын су тапшылығынан құтқара алады, бірақ жақын арада іске аса қоятын шаруа емес. Себебі мұз тасылудан болатын табиғат өзгерісін әлі ешкім анық болжалдай алмай отыр.

          Қазақстан Республикасының тұщы су қорлары орасан көп, алайда оның аумағы бойынша судың орналасу деңгейі біркелкі емес.

          Өзендер – республиканың негізгі су көздері. Ірі өзендер негізінен солтүстік-шығыста – Ертіс өзені, батыста – Орал өзені, солтүстікте – Сырдария өзені ағады. Қазақстанның көптеген өзендері, әсіресе олардың салалары суының аздығынан жазғы уақытта кеуіп, жеке көлшіктерге айналады және қар еріген кезде ғана тасиды.

          Республикада ірі көлдер (Балқаш, Теңіз, Қорғалжын, Құсмұрын, Зайсан, Марқакөл, Алакөл) және мыңдаған кіші көлдер орналасқан. Республикада барлығы 50 000 таяу көлдер бар, олардың 32 % тұщы сулы, қалғандарының суы жоғары минерализацияланған.

           Қазақстанның су артериялары шамамен 85 мың өзендерден құралған. Ең ірі су көздеріне: Ертіс, Есіл, Іле, Сырдария, Жайық, Шу, Талас, Асса өзендері жатады. Соңғы жылдары бірқатар көлдер жүйесінің кебуі байқалып отыр. Бұл өзендер ағысының шектен тыс реттелуі мен олардың деңгейінің табиғи ауытқуларына байланысты болып отыр. Экологиялық жағынан ең қолайсыз жағдайда Қазақстанның басты су артериясы – Ертіс өзені қалып отыр. Оның сулары жоғары дәрежеде ауыр металдармен ластанған. Негізгі ластаушы заттар – мыс, шайынды сулармен бірге келіп түседі.

           Су қоймалары мен бассейннің су ағыстарына түсетін негізгі ластаушыларға иондық ағыс (28 мың тоннадан астам 1994 және 1995 ж. шамамен 23 мың тоннаға жуық), азотты, органикалық қосылыстар (1,7 мың тоннаға жуық) фосфор қосылыстары (1994 жылы 1,3 мың тоннадан астам 1995 жылы 800 тонна), цинк (42,6 және 24,9 тонна 1995ж) жатады.

            Табиғи суларды ластайтын негізгі химиялық элементтердің барлығы дерлік су ортасына өнеркәсіп орындарының шайынды суларымен келіп түседі.

            Каспий аймағының экологиялық жағдайы. Бұл ауданның экологиялық жағдайы Каспий теңізінің деңгейінің көтерілуіне және жағалаулық теңіз экожүйесінің антропогенді әсерге ұшырауына байланысты болады. Ғалымдардың болжамдары бойынша теңіз деңгейінің көтерілуі жағалаулық сызықтың 2400-2700 км ұзарып, су астында қалған жерлерге тағы да 1,2-2,2 млн.га қосылуына әкелуі мүмкін.

            Су астында қалу қаупі әсіресе Каспийдің Солтүстік және Солтүстік Шығыс жағалауындағы мұнай кен орындарына төніп отыр. Каспий теңізі дүние жүзіндегі бекіре тәрізді балықтардың ең ірі мекен ету ортасы болып табылады. Сондықтан Каспий мәселесі тек мемлекетаралық қана емес, ғаламдық мәселе болып табылады. Каспийдің биологиялық алуантүрлілігін сақтау бүкіл әлемдік қауымдастықтың жұмысы. 1995ж. Тегеранда Каспий маңындағы мемлекеттердің өкілдерінің кездесуі өтті. Бұл кездесудің мақсаты Каспий аймағының экологиялық тұрақтылығы мен оның ресурстарын пайдалануды басқару концепциясын жасау болып табылады. Бірақ кез келген экологиялық бағдарламаның іс жүзіне асуына, оның ірі мұнай-газды аймақ ретінде маңызының артуы күрделендіреді.

         Арал теңізінің экологиялық мәселелері. 60-жылдардан бастап Арал теңізінің ауданы кеми бастайды. Суды ауыл шаруашылық дақылдарын суару үшін қолдану Иянь-Шань тауларымен ағып келетін табиғи су ағысын 90%- тен астам қысқартып жіберді. Теңіз ауданы 2,6 млн.га-ға кеміп, өзінің 60% көлемін жоғалтты. Судың деңгейі 12-ден 2 м-ге түсіп кетті, тұздылығы 2 еседен астам артты. Күн сайын 200 тонна тұз бен құм желмен 300 км ара қашықтыққа таралады. Шөлдену, топырақтың тұздануы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің кедейленуі, климаттың өзгеруі одан әрі жалғасуда. Халықтың денсаулығы күрт төмендеп кетті.

          Қоршаған ортаны бұза отырып, кез келген қазіргі заманғы қоғам өзінің болашағын жояды. Болашақ ұрпақтардың дамуы үшін экологиялық тұрақтылықты сақтап қалу қажет. Экологиялық тұрақты болашақты сақтау үшін табиғи ортаның жағдайын бақылап, өнеркәсіптік қалдықтарды нормалау мен алдын алу, қалдықсыз және ресурстарды тиімді пайдаланатын технологияларды жасап, іске қосу керек.

         Аралды сақтап қалу мүмкін бе? 30 жылдың ішінде Арал теңізі 640 км3 судан айрылды, судың тұздылығы 26-27 г/ге жетті. Судың деңгейі 13 метрге төмендеп, су жағалаудан жүздеген километрге шегінді. Кеуіп қалған теңіз түбінен құмды-тұзды дауылдар көтерілуде.

         Арал теңізінің су балансы бұрын жауын-шашынмен – 5,9 км3, өзен ағысымен – 54,8 км3 қамтамасыз етіліп отырды. Орташа булану – 60,7 км3. Теңіз деңгейінің маусымдық ауытқуы – 25 см, ал ғасырлық – 3 м-ден артпаған. Дүние жүзінің ірі тау жүйелері бұл орасан үлкен аумақтың өзендерінің сулылығын қамтамасыз еткен. Аралдың су балансын Орта Азияның ірі өзендері – Амудария мен Сырдария ұстап тұрған.

          60-жылдардан бастап суармалы жерлердің кеңеюіне байланысты Арал теңізіне келетін өзендердің суы күрт кеміп кеткен: 1970 жылы 35,2км3, ал 1980 жылы – 10 км3. 1986 жылы Амудария мен Сырдария өзендері теңізге жетпеген. Барлық су суармалы жерлерге жұмсалды.

           Арал теңізі табиғи температура реттеуші ретінде ауа райына үнемі әсер етіп отырады. Қазір ауа райының континенталдығы артты. Ең салқын айдың орташа айлық температурасы 1,5-20С-ға артқан. Ауа райының қаталдығы Арал теңізінің тартылуына байланысты одан да қаталдана береді. Бұрын өзен суының минералдығы 0,3-0,5 г/л болса, қазір ол 2,5 г/л жеткен.

         Судың сапасының нашарлауы мен оның жетіспеуі өсімдіктер жабынына ерекше әсер етті. Бағалы орман, қамыс, өнімді жайылымдар мен шалғындықтар жойыла бастады. Олар сортаң жерлерге айналған.  50 көл кеуіп кеткен.

         Балқаш көлінің экологиялық мәселелері. Ағынсыз Балқаш көлі Қарағанды (Жезқазған), Жамбыл, Алматы (Талдықорған) облыстарымен шектесіп жатыр. Көлдің ұзындығы 605 км, ені шығыс бөлігінде 9-19 км, ал батысында 74 км-ге дейін жетеді. Шығыс жағында Балқаш-Алакөл көлдер жүйесімен, батыс бөлігі Бетпақдала шөлімен, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағы Шу-Іле және Іле Алатауымен шектесіп жатыр. Балқаштың суының көлемі – 112 км3, ең үлкен тереңдігі – 6м. Көлдің батыс бөлігіне Іле өзені, шығыс бөлігіне – шағын өзендер Қаратал, Ақсу, Лепсі келіп құяды.

         Балқаш – жартылай тұщы көл. Сарыесік түбегі Балқашты батыс және шығыс бөліктерге бөледі. Батыс бөлігіндегі су ірі Іле өзенінің келіп құюына байланысты тұщы болған. 1967 жылы Іле өзенінде Қапшағай ГЭС-і салынды, ал 1970 жылы ірі Қапшағай су қоймасы іске қосылды. Шілік өзенін бөгеу нәтижесінде Бартоғай су қоймасы жасалды. Балқаш көлінің бассейнінің өзендерінен 1965-1986 жылдар аралығында алынатын судың мөлшері 4,8-ден 5,6км3/ жылына артқан. Соңғы онжылдықта Балқаш көлінің деңгейі 2 м-ден астам төмендеп, су бетінің ауданы 4,7 мың км2 кеміген.

          Көлдің тұщы бөлігіндегі судың минералдылығы артып келеді (1,2-ден 1,9 г/л, ал Балқаш қаласы маңында 2,2-ден 2,3 г/л дейін). Судың минералдылығы, өндіріс орындары мен коммуналдық шаруашылықтың шайынды сулары, суармалы жерлердің қайтымды-дренаж суларының келіп түсуінің артуы нәтижесінде сумен қамтамасыз ету, адамдардың демалу жағдайлары нашарлап, аурулар саны артып отыр.

          Балқаштағы экологиялық жағдай тек Балқаш көлін сақтап қалу ғана емес, бүкіл Балқаш-Іле аймағының келешегін ойлауды талап етеді.

          Кіші өзендерді қорғау мәселесі. Республикамызда 8643 тұрақты және уақытша су ағыстары белгілі. Олардың жалпы ұзындығы 123 мың км. Қазақстанның өзендерінің ерекшелігі олардың біртекті таралмауында. Жер бетіндегі су қорына әсіресе, Орталық және Батыс Қазақстан кедей. Республикамыздың бүкіл жазық территориялары сирек өзен торымен сипатталады. Ойыл және Нұра бассейнінде ол бар болғаны км2-ге шаққанда 0,13-0,022 км. Шөлейт және шөлді аудандарда өзендер жоқ деуге болады. Қалың өзен торы Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Кенді Алтайдың таулы және тау етегіндегі аудандарында түзілген. Бірақ, осы таудың сулы өзендерінің өзін суаруға пайдалануға байланысты халық тұщы судың тапшылығын сезіп отыр. Бұл республика халқынан суды ысырапсыз пайдалану мен қорғау қажеттілігі туралы ойлануды талап етеді.

          Кіші өзендер кіші деп аталғанмен, олардың экология тұрғысынан алғандағы маңызы үлкен. Себебі, ірі өзендердің жағдайы кіші өзендерге байланысты. Олар қан тамырлары тәрізді бүкіл Қазақстан территориясын торлап жатыр. Республика өзендерінің көп бөлігі Каспий, Арал теңіздерінің, Балқаш және Теңіз көлдерінің тұйық ішкі бассейндеріне, тек Обь-Ертіс, Есіл және Тобыл өзендерінің бассейні ғана Солтүстік Мұзды мұхитына барып құяды.

        Судың ластану мәселесі. Ластануға судың барлық категориялары: мұхит, континенттік, жерасты, әр түрлі дәрежеде ұшырайды.

         Судың, әсіресе ауыз судың сапасы халықтың денсаулығын анықтайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша судың сапасының төмен болуы себепті шамамен 5 млн. Адам өледі де, әр түрлі дәрежеде уланған немесе ауырған адамдардың саны 500 млн.-нан 1 млрд.-қа дейін жетеді.   

        Барлық сулардың құрамында еріген заттар болады. Судағы көп кездесетін элементтерге кальций, натрий, хлор, калий жатады. Судың тұздылығы әдетте онда еріген химиялық заттардың жалпы мөлшерімен немесе құрғақ қалдықпен (г/л) анықталады. Теңіз суында шамамен 35 г/л тұз болады. Суларда органикалық заттар мен әр түрлі жүзіп жүрген заттар, сонымен қатар патогенді ағзалар да болады.

         Сулардың ластануы ең бірінші рет су қоймаларына әр түрлі ластаушы заттардың келіп түсуіне байланысты болады. Ластаушы заттарға негізінен топырақ эрозиясының өнімдері, минералдық тыңайтқыштар, улы химикаттар және тағы басқа заттар жатады (азот, фосфор және басқа биогенді элементтер мен олардың қосылыстары, органикалық заттар, пестицидтер, тұрмыстық қалдық, мұнай және мұнай өнімдері).

         Ластаушы заттардың басым бөлігін атмосфералық жауын-шашын әкеледі. Сулардың канализация ағысымен, тұрмыстық қалдықтармен, өнеркәсіп орындарының қалдықтарымен, су транспорттарымен ластану үлесі де жоғары.

          Қазір бүкіл планетада іс жүзінде қандай да бір дәрежеде адам қызметі нәтижесінде ластанбаған беттік тұщы су көзі жоқ деуге болады. Солтүстік суларының тазалығы туралы түсінік те алдамшы. Бұл сулардың аз ластануы олардың олиготрофтылығынан, өздігінен тазару қабілетінің әлсіз болуы мен төмен температурамен теңеседі. Осы уақытқа дейін мұхиттың шексіз өздігінен тазаруға қабілеті туралы түсінік қалыптасқан. Қазіргі бүкіл адамзат мұхиттың дүниежүзілік қоқыс төгетін жер еместігіне көз жетіп отыр.

          Атақты француздың мұхит зерттеушісі Жак Кусто егер оны уландыру тоқталмаса оның тіршілігі жойылуы мүмкін деген қауіп айтады. Қазір кең таралып отырған, қаупі ластаушы заттарға мұнай мен мұнай өнімдері жатады. Белгілі мәліметтер бойынша қазір мұхиттың суына жыл сайын 30-дан 50млн. Тоннаға дейін мұнай төгіледі. Ал оның әр тоннасы 12 км2 суды қабықшамен жаба алады. 0,05 мг/л мұнай су құрамында болса, су ішуге жарамсыз, ал концентрациясы 0,5 мг/л болғанда көптеген су ортасымен байланысты ағзалар тіршілігін жояды. Иістік құбылыстардың әсерінен балықтар мен тағы басқа ағзалардың миграциялық жолдары өзгереді.

           Мұнайлы қабықша су бетінің шағылыстыру қабілетін өзгертеді. Ол жылу балансының өзгеруіне және ғаламдық жылу мен ылғалды тасымалдау құбылыстарына әкеледі. Мұнайдың айтарлықтай мөлшері жағалауға атқаратын жағалаулық экожүйелерді жояды. Бұзылған экожүйелердің қалпына келуіне өте көп уақыт керек.

           Егіншілікпен айналысатын аудандарда ауыл шаруашылығы судың негізгі ластаушысы болып табылады. Су топырақтың бұзылу өнімдерімен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, мал шаруашылық кешендерінен шайылған сулармен ластанады. Мал шаруашылық кешендері кейбір аймақтарда негізгі мәселе болып табылады. 100 мың ірі қара мал басы бар кешен қоршаған ортаны миллион халқы бар қаламен бірдей ластандырады. Мұндай кешендердің негізгі ластауы органикалық заттармен және азоттың әр түрлі қосылыстарымен, биологиялық агенттермен байланысты.

          Жер үсті немесе жер асты суларына химиялық заттардың, микроорганизмдердің не басқа заттардың түсуі судың ластану көзі деп аталады.

          Шайынды сулар – адамның тұрмыстық не өндірістік қызметінде қолданылғаннан кейін шығарылатын сулар және елді мекендер территорияларынан, өнеркәсіптік объектілерден және ауылшаруашылық өрістерден атмосфералық жауын-шашын нәтижесінде ағылатын сулар.

         Жер асты суларының ластану көздеріне жататындар:

-                  өнеркәсіп қалдықтарын сақтайтын орындар мен оларды көлікпен тасымалдау;

-                  коммуналдық және тұрмыстық қалдықтар аккумуляциялану орындары;

-                  пестицидтермен және минералдық тыңайтқыштармен өңделетін ауылшаруашылық жерлер;

-                  өнеркәсіп алаңшалар, сүзу өрістері, бұрғылау ұңғылары, тау-кендік жыныстық жұмыстар.

          Өндірістік шайынды сулар технологиялық үрдістерде суды қолданғаннан кейін әртүрлі өнеркәсіптік объектілерден түседі. Оларға пайдалы қазбалар өндірілуінде жер бетіне сорылып шығарылатын жуынды сулар да жатады. Өндірістік жуынды суларда негізгі ластаушы заттар биоорганикалық қоспалар болады, олардың көздері содалық, күкіртқышқылдық зауыттар, шахталар, кен орындары және химиялық зауыттар болады. Осы ластаушы қоспаларға қышқылдар, сілтілер, әртүрлі металдар тұздары, күкірттік қосылыстар, минералдық қалқыған заттар кіреді.

          Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі. Су қоймалары үшін целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің жуынды сулары өте қауіпті. Осы мекемелердің жуындыларында ағаш үгіндісі, ағаш талшықтары, шайыр болады және олар оттегі жұтып қышқылданады. Осы ластықтар суға ұнамсыз иіс беріп, түрін өзгертеді, сулардың түбі мен жиектерінің көгеріп, саңырауқұлақтық өсулер дамуына ықпал жасайды.

         Жылу энергетикасы. ЖЭО жуынды сулары су қоймалары суларынан 8-100С жоғары жылыған болады. Су қоймалары суының температурасы көтерілгенде оларда микро және макро планктон, судың «гүлденуі» дамуы күшейеді, түсі мен иісі өзгереді. Судың «гүлденуі» су қоймасының тайыз көк-жасыл балдырлар өсетін жерлерінде жиі кездеседі. Балдырлар шіру үрдісінде фенол, индол, скатол және басқа да улы заттар шығарады. ГРЭС шайынды сулары салқындату жүйелерінде, гидро-күл-шлак шығаруда, мазутпен жұмыс істейтін агрегаттардың қызған үстіңгі бетін жуғанда, жабдықты химиялық жуғанда, мұнай өнімдерін пайдаланатын аппараттардың, ГРЭС аумағының жауынмен жуылғандарынан, күл төгілген орындардың сүзінді суларынан және жақын жатқан аумақтардан су жиналуынан пайда болады. ГРЭС жабдықтарын жуған сулар күкірт қышқылымен, темірмен, никельмен, ванадиймен, мыспен ластанады.

         Қара металлургия. Қара металлургияның жуынды сулары металды майсыздандырудан және қышқылмен өңдеуден кейін, жуудан кейін пайда болады. Домна пештерінде және болат балқыту өндірісінде, ыстықтай темір созу өндірісінде жуынды ағындылар механикалық қоспалармен және тұздармен ласталған. Металдарды әртүрлі қышқылдармен өңдегенде жоғары минералданған өңдеулік ерітінділер және өндірістердің көпшілігінде жуынды суларда фенолдар, роданидтер, ционидтер, сульфидтер болады.

          Түсті металлургия. Түсті металлургия өндірістерінің жуынды сулары қатты минерал заттар қоспаларымен, флотациялық реагенттер қалдықтарымен ластанған. Олардың көпшілігі улы (күкірт натрий, цианидтер, ксантогенаттар, мұнай өнімдері). Ауыр металдар иондарымен (мыс, қорғасын, мырыш, никель, молибден, вольфрам, сынап, кадмий) және мышьякпен, фтормен, сурьмамен, сульфаттармен, хлоридтермен де ластанған.

           Машина жасау. Машина жасаудың жуынды сулары әртүрлі машиналар мен аппараттарды дайындау үрдісінде пайда болады, өйткені технологиясында жуу, майсыздандыру, қышқылмен өңдеу, химиялық, гальваникалық және сырбояулық қаптап жабулар, созу және қысуда майлаулар қолданылады. Осындай өндірістердің жуынды сулары нашар ыдыратылатын бетті-белсенділік заттар, фосфаттар, органикалық заттар (бензин, үшхлорэтилен, төртхлористік көміртегі және басқалар), ауыр металдар тұздары болуымен сипатталады.

           Көмір өнеркәсібі. Көмірлік қиылыстардың жуынды суларының сапалық құрамы орташа тұздық құраммен және қаттылығымен, қалқыған заттармен химиялық қосылыстармен және микрофлорамен қомақты ластануымен сипатталады. Көмірлік қиылыстар жуындыларында көмірдің пирогендік ыдырауы нәтижесінде пайда болатын фенол болады. Карьерлік суларда күзгі кезеңде сульфаттардың, кальцийдің, магнийдің, натрийдің және калийдің көбеюімен байланысты минерализация жоғарылауы байқалуы мүмкін.

           Судың радиоактивтік ластануы. Су қоймалары мен адамдар денсаулығына ең үлкен қауіп тудыратын радиоактивтік ластанулар. Радиоактивтік ластану көздеріне ядролық жарылыстар, атом реакторларының жарылысы, радиоактивтік изотоптарды өнеркәсіпте және зерттеу мекемелерінде қолдану, радиоактивтік қалдықтарды көму, уран кенін тазалау бойынша және реакторлардың ядролық отының өңдеу бойынша зауыттар атомдық электростанциялар жатады.

           Тұрмыстық жуынды сулар. Тұрмыстық жуынды сулар жоғары емес органикалық ластануымен, бірақ жоғары бактериалдық ластануымен және гельминттер жұмыртқасының жоғары мөлшері болуымен сипатталады. Қалалық жуынды суларда азот, фосфор, кадмий, жуушы заттар болады.

           Ауылшаруашылық жуынды сулар. Су қоймаларының экологиялық тепе-теңдігіне ауыл шаруашылығының әсері күшеюде. Жаңа жерлерді егіндікке жырту, батпақтарды құрғату, ормандарды шабу, оның ішінде кіші өзендер бассейндерінде орманды шабу өзеннің гидрогиологиялық тәртібін өзгеріске әкеледі, қайнарлар мен бұлақтардың кеуіп қалуына әкеледі. Минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемінің, өсімдіктерді зиянкестерден және арамшөптен қорғау құралдары тез өсуіне, химиялық заттарды жаңбыр суымен жуылып су қоймаларына және жер асты суларына түсуіне әкеледі.

          Жаңбырлық және нөсерлік ағынды сулар. Жаңбырлық сулар атмосфералық жауын-шашын түсуінің нәтижесінде пайда болады. Оларды жауындық және мұздық деп бөледі. Жауындық сулар категориясына егін суғару, жуу суларын жатқызуға болады. Елді мекендердің нөсерлік ағындар негізінен инертті заттар – саз, құм, көмір шаңы болады. Нөсерлік ағындарға ұқсас ағындар карьерлер жасау нәтижесінде, гравийді жууда, гидравликалық әдіспен кен алу шахталары жұмысында, өнеркәсіптік өндірістердің беттік үлестерінен ластануларды жуғанда және ауылшаруашылық жерлерді суғарғанда болады. Осы суларда әртүрлі токсикалық заттар болуы мүмкін, олардың ішіндегі ең қауіптілері ауыр металдар иондары инсектицидтер мен пестицидтер құрамына кіретін хлорорганикалық препараттар болады.

          Судың өздігінен тазалануы. Өздігінен тазару дегеніміз табиғи физикалық, химиялық және биологиялық процестердің нәтижесінде гидросферадағы ластағыштардың табиғи түрде ыдырауы. Табиғаттағы сулардың өздігінен тазалануы заттардың алмасуы арқылы жүреді. Тұщы сулардың өздігінен тазалануы онда тіршілік ететін бактериялар, балдырлар және жоғарғы сатыдағы өсімдіктер және омыртқасыз жануарлар сияқты организмдердің тіршілік процесіндегі әрекеті арқылы жүзеге асады. Сондықтан табиғатты қорғаудың міндеті – судағы осы тіршілік қатынастарын сақтап, бірқалыпты ұстау болып табылады. Кез келген су айдыны өзіне ғана тән тірі организмдері, өсімдіктері жіне микроорганизмдері бар күрделі тіршілік жүйесі. Табиғи жағдайда суға бактериялар немесе химиялық қоспалар түсетін болса өздігінен тазалануы тез жүреді де су тазалығы бастапқы таза қалпына келеді. Мұхиттар мен басқа да су қоймалары суының тазалануы планктондардың сүзгіштік қабілеттеріне байланысты келеді. Мысалы, осы планктондар арқылы өздігінен Байкал көлінің жылына 60 км3 суы тазаланып отырады. Планктондар органикалық, минералдық заттектермен қатар суқоймаларын әртүрлі ауру қоздыратын бактериялар мен вирустардан да тазалап отырады. Қара теңіз бен Каспий суын табиғи жолмен тазалап отыратын организмдер моллюска-санитар-дрейсен болып табылады. Ол өз денесі арқылы судағы органикалық қалқыма заттектерді өткізіп, өзінің тіршілігіне қажетті элементтерді пайдаланып, минералдандырып қажеті жоғын ерімейтін түрге айналдырып сыртқа шығарады.

          Биологиялық фактормен қатар су қоймаларының өздігінен тазалануына физикалық және химиялық факторлар да қатысады. Ластағыш заттектердің мөлшерін төмендетуге қатысты негізгі физикалық факторларға сұйылту, еріту және араластыруды жатқызуға болады. Мысалы, өзеннің қарқынды ағысы қалқыма заттектерді жақсылап араластырып, олардың концентрациясын төмендетеді. Өздігінен тазалану процестері жүргенде ерімейтін заттектер, олардың бетіне жабысқан бактериялар салмақ күшімен су қоймаларының түбіне біртіндеп тұнып отырады, кейін әртүрлі физикалық факторлар әсерінен тіршілігін жояды. Күшті ластанған, жаңа ағыс келіп құймайтын суларда өздігінен тазару процесі ешқашанда болмайды, сондықтан лас суларды таза сумен араластыру өте қажетті жағдайларға жатады. Судың залалсыздандырылуы күннің ультракүлгін сәулесінің күшімен де өтеді. Физикалық факторлардың ішінде су қоймаларына түсетінбактериялар мен вирустардың ұзақ уақыт сақталуына қолайлы әсер тигізетін температуралық фактор. Температураның төмендеуі олардың ұзақ сақталуына жағдай туғызады. Мысалы, жылы жерлерде олар 200-300 м алшақтыққа дейін жайылып жатса, солтүстікте 2000 км жерге дейін өлмей ағып жүре беруі мүмкін.

           Өздігінен тазалану процесіне ықпал жасайтын химиялық факторлардың ішінде органикалық және анорганикалық заттектердің тотығуын атап өтуге болады. Су қоймаларының көп мөлшерде химиялық заттектермен ластануы судың өздігінен тазалануына қатысты процестердің жүруін бұзады, микроорганизмдердің ең маңызды қасиеттерін өзгертеді және ең ақырында судың сапасын төмендетеді. Табиғи түрде судың тазалануы су айналымына да тәуелді.

           Таза ауыз су проблемасы. Таза және қауіпсіз ауыз суға деген мүмкіншілік адамның негізгі сұраныстарының бірі. Есептеулер бойынша дамушы елдерде шамамен 1 млрд. Адам ауыз суға толық жете алмай отыр. Жалпы адамзаттың 20% таза ауыз суға тапшы болып отыр. Су жетіспей отырған елдерге Солтүстік Африка, таяу Шығыс, Азия мемлекеттері жатады. Су мен су ресурстарының жетіспеуі көптеген Оңтүстік Африка елдерінің дамуында да тежеуші факторлардың бірі болып тұр. Өте үлкен мөлшерде суды Европа елдері қолдануда.

           Адамның денсаулығы судың тазалығы мен оның санитарлық жағдайларды жақсартудағы ролімен тікелей байланысты. Адамның санасының өсуінің нәтижесінде судың жетіспеуі су дағдарысына алып келуде.

           Қазіргі уақытта шамамен 2 млрд. Адам канализациясы бар жағдайға қол жеткізе алмай отыр, 5 млн. Адам, оның ішінде 2-3 млн. балалар, жыл сайын таза судың жетіспеуіне байланысты әр түрлі аурулардан өлуде.

           Қаладағы су құбырларынан басқа сулар табиғи ресурстарға жатады және қоғамдық меншілікке қарайды. Су ресурстарын қолдану, оны ары қарай дамыту мен оны қолдануға контроль жасау тек ұлттық мүдде тұрғысынан ғана емес, халықаралық бірлестік дамытуды талап етеді.

           Жер бетіндегі таза судың қоры жеткілікті көрінгенмен, әлемнің көп аймақтарындағы халық өте аз мөлшерде ғана таза суды қолданып отыр. Әлемдегі барлық өзендердің суларының жылдық көлемі шамамен 42600 км3, ал бұл 1995 жылғы есептеулер бойынша адам басына шаққанда 7600м3 келеді. Бірақ та адам санының өсуіне байланысты бұл шама жыл сайын өзгеруде. Мысалы, 1970 жылы бұл шама 12900 болса, 2005 жылы ол 5200м3-ге дейін төмендеуі мүмкін.

           Жыл сайын әр түрлі өнімдермен ластанған және арнайы тазартусыз пайдалануға келмейтін су объектілерінің саны көбейіп келеді. Су қоймаларының ластануы су экожүйесінің құлдырауына әкеліп, табиғи судың сапасын қалпына келтіретін гидробионтардың тіршілік жағдайын қиындатады. Көп жағдайларда табиғи су объектілерінен алынған судың тек бір бөлігі ғана қайтадан су экожүйесіне қайтып оралады, ал көп бөлігі далаға кетеді және буланып ұшып кетеді. Таза суды өте көп қолданушылар мен ластаушылар қатарына ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік өндіріс орындары жатады.

           БҰҰ деректері бойынша елдің суға деген сұранысы су қорының 40%-тін құрайтын болса, ол жағдайда бұл елде су проблемасы пайда болады. Бұл жағдайда су проблемасы осы елдің экономикалық дамуын тежеуші факторлардың біріне айналады. Соңғы уақытта таза ауыз суды жер асты су көздерінен алып пайдалану өсіп барады. Бұл адамзаттың өмірге өте қажетті ресурстарының азаюына әкелуде. Жыл сайын планетамыздың жер асты су қоймалары 160 млрд. м3 таза судан айрылуда. Судың мұндай үлкен көлемі оның айналымы кезінде орнына қайтып келмейді.

           Таза суға деген жетіспеушілік пен оның ұқыпты түрде қолдану мәселелері бұрыннан бері адамзатты ойландыруда, себебі бұл факторлар сол елдің тұрақты түрде дамуында, халқының денсаулығында және тұрмыстық жағдайының деңгейінде, өнеркәсіп пен тамақ өндіруде маңызды роль атқарады. Болашақта бұл жағдай қиындай түсуі мүмкін. XXI ғасырдың ортасына қарай Жердің негізгі стратегиялық ресурсы мұнай емес, таза су болуы ғажап емес.

           Деректер бойынша 2005 ж. әлемнің 50 шақты елінде тұратын 3 млрд. халық ауыз су тапшылығына тап болады. Бұл жағдай суға байланысты экологиялық және қоғамдық шиеленістерді қиындатады. Қазірдің өзінде Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі ауыз судың жетіспеушілігі кедейлік пен артта қалғандықты, политикалық тұрақсыздықты әкеліп отыр. Судың жетіспеушілігі этникалық және мемлекетаралық қақтығыстардың себебі болып отыр. Египет, Судан мен Эфиопия елдері Ніл өзенінің суына таласуда. 1998 ж. жаз айларында жарты миллионға жуық палестинстерге Иордан өзенінің батыс жағалауынан су алуға кедергі жасалды, бұл Израиль мемлекетіне деген қатты наразылықты тудырды. Индия мен Бангладеш төменгі жақтарында кейде кеуіп қалатын Ганг өзенінің ағымына байланысты араздасуда. Алдағы уақытта Ресей мен Қазақстан Қытай мемлекетінің су саясатының әсерін сезінуі мүмкін. 1999 жылдан бастап Қытайда Ертіс өзенінің жоғарғы ағынын басқа жаққа бұру басталды. Қазірдің өзінде бұл өзеннің ластануы күшейіп, өзендегі су көлемі азайып келеді.

        Жеке елді аймақты таза сумен қамтамасыз ету проблемалары тек сол елге ғана қиындық әкелмей бүкіл әлемдік дағдарысқа үлес қосады. Сондықтан да мұндай дағдарыстық жағдайларды шешу бүкіләлемдік бірлесіп іс-әрекет жасауды талап етеді. Үлкен ойшылдықпен және болашақтық тұрғыдан суға адамзаттың негізгі стратегиялық ресурсы ретінде қарау XXI ғасырдың маңызды бағыттамаларының бірі болып тұр. БҰҰ Ассамблеясы 2003 жылды «Халықаралық таза ауыз су жылы» деп белгіледі.

         Судың жетіспеуінің алдын алуға бағытталған іс-шараларға ең алдымен суды тиімді пайдалану мен оны территориалдық жағынан өзгерту жатады. Судың сарқылуы мәселесін шешу үшін төмендегі іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

1)              суды тиімді пайдалану технологияларын қолдану;

2)              өндірісте суды бірнеше рет қайталап пайдалану;

3)              ауыз су мақсатында берілетін суды өндірістік процестерде пайдаланбау. Бұл әсіресе, жоғары сапалы жер асты суларына қатысты;

4)              ауыз суды тамаққа, тұрмыстық мақсатта пайдаланатын судан бөлек құбырмен беру. Суды мөлшерлі түрде беру және оның ысырап болуына жол бермеу;

5)              суға экономикалық тұрғыдан негізделген баға қою. Нақты бағалау нәтижесінде судың ысырап болуын біршама төмендетуге болады.

          Судың ластануын кеміту шаралары ең алдымен суды пайдалану, тазалау әдістері мен технологиялық процестерін жетілдірумен байланысты суды тазарту әдістерінің ішінде биологиялық әдістер өте тиімді және жақсы нәтиже береді.

           Қазіргі кезде халықтың өсуіне байланысты және оның ірі қалаларына шоғырлануы, сондай-ақ өндіріс орындарының сонда жинақталуынан суға деген сұраныс күрт өсіп кетті. Және өндірістік ағынды сулардың көлемі де көбейді. Көптеген өндіріс мекемелері осы ағынды суларды су құбырларымен өзендерге жіберіп, оларды ластайды. Осының салдарынан өзендер мен көлдердің тым ластанып кеткендігі соншалық оларды ішу және жұмыстық қажетке пайдалану былай тұрсын, өндіріс мақсаты үшін де пайдалану қиынға соғуда. Сонымен қатар мұндай лас суларды пайдалану тұрғындардың денсаулығына да зиянды әсерін тигізуде. Жер үстіндегі сулардың ластануы, әсіресе, ірі қалалар мен өндіріс кешендерінде санитарлық нормадан әлдеқайда артық екендігі анықталып отыр. Мәселен, Орал, Тобық, Есіл өзендері ағынды лас суларды көп жинайтын болғандықтан қазір қатты ластанып отыр. Сол сияқты Ертіс бассейні де экологиялық жағынан таза емес. Судың құрамында ауыр металдардың (цинк, кадмий, мышьяк, фенол және басқалары) иондары көп, олар өзенге негізінен металлургиялық өндірістің ағынды суларымен келеді.

          Орталық Қазақстандағы Нұра өзенінің суында сынап өте көп. Оның құрамындағы азоты бар заттардың концентрациясы тым жоғарылап кеткен. Ал Сырдария өзені және Шардара су қоймаларының суларының ластануы әр түрлі улы химикаттардың әсерінен екендігі баяғыдан белгілі. Сол сияқты Балқаш көлінің суы «Балшахмед» өндірісінің улы химикаттарының ағынды суларының әсерінен ластануда. Химиялық заттарды ауыл шаруашылығына шамадан артық пайдалану және өндірістік ағынды, коллекторлы-дренажды суларды жаппай жіберудің салдарынан өзендерге тұзды концентрация көбейді. Өзендер мен көлдердің жер асты суларының ластануы негізінен оларға ағынды лас суларды жіберуден болып отыр. Су құбырларын көп ластайтын өндіріс орындарына целлюлоза-қағаз, химия, мұнай өндірістері, металлургиялық және тау-кен өндірістік мекемелері жатады.

          Қоршаған ортаны қорғаудың тиімділігін жоғарылаудың ең басты жолы - өндіріске ауа, топырақ және су құбырларының ластануын кемітетін қор сақтау, аз қалдықты және қалдықсыз жаңа технологиялық процестерді кеңінен енгізу. Осындай қор сақтайтын технологияның бірі - Әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінің жасаған, суды лазермен активизациялау. Белгілі жиелікте, аз қуатпен суды лазердің сәулесі арқылы активизацияланғанда сингитті оттегі қозады, содан барып, суды тез активизациялайды. Су қоймаларын, өзенді тазарту, мал шаруашылығына қажетті жоғары белокты жемшөп алу үшін лазерлі агрогидроэнергетикалық модуль жасалды. Мұны технологиялық жағынан сынау және өндіріске енгізу Алматы қаласының Сорбұлақ көлінде, Ертіс өзенінде және Бұқтырма су қоймасында жүргізілді. Ол үшін өзен және су қоймаларын тазартудың тиімділігін анықтау жұмыстары атқарылады. Бұл лазерлі агроэнергетикалық модульді қолдану арқылы биологиялық сапасы жоғары су алу қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бұл модуль судағы ауыр металдардың иондарын және улы органикалық заттарды айтарлықтай кемітеді. Гидроегістікке лазерді қолдану көк балаусаның өнімін 8-10 есе жоғарылатады, судың бактериялық ластығын 10 есе, қорғасынның иондарын 40, никельді 80, кадмийді 55, сынапты 69, фенолды 48, мысты 50%-ке қысқартуға болатындығы дәлелденді. Суды резонансты лазерлі әдіспен өңдеу анаэробты бактериялардың және вирустардың өмір сүруін тоқтатады, эпидемиялық аурулардың шығу мүмкіндігін төмендетеді, хлор және басқа тотықтырушыларды қолданбай-ақ судың тотықтану қасиетін жоғарылатады. Сонымен, өсімдіктерге, жануарларға және адамға қажетті биологиялық жоғары сапалы судың алынуына жағдай туғызады.

         Қазір ауыз суға деген сұраныс күн санап өсуде. Судың, біріншіден, санитарлық жағынан сапасы жоғары болуы қажетті, екіншіден, суды үнемді пайдалану керек. Ауыл шаруашылығында егісті суарудың тиімді әдістерін қолдану қажет. Мысалы, аэрозольді әдісті қолданғанда ауа, өсімдік және топырақ кішігірім тамшылар арқылы бірқалыпты ылғалдандырылады.

         Тағы бір айта келетін жай – ағын суларды су құбырларына жіберіп, суды ластаған өндіріс орындары мен мекемелерді халықтың игілігіне, тұрмыс қажетіне пайдаланып жүрген су құбырларына не болса соны, яғни тамақ қалдықтарын, шөлмектер мен синтетикалық, өзен мен көл жағасына барып машиналары мен техникаларын жуып, суды ластап және жағадағы жасыл шөпті өртеп, ағаштарды кесіп отқа жағып, қоршаған ортаны ластап, табиғатты бұзушыларды заң жүзінде қатаң тәртіпке шақыру керек.

         Біздің Қазақстанда минералды (құрамында 1-6 г/л тұзы бар) су қорлары өте көп, оларды тиімді пайдалану қажет. Ал ол үшін суды тұщыту керек. Ал өндіріс орындары мен шаруашылықтар лас ағынды және аяқ суларды су құбырларына жібермегендері жөн. Ластанған су көздерін лазер технологиясы арқылы тазартқан тиімді. Ол әрі арзан, адамның денсаулығына да зиянды әсер етпейді. Бұл ғылыми озық әдіс бойынша еліміздің кез келген өзендері мен көлдерінің суларын тұщытып, ауыз суға пайдалана аламыз.
Қолданылған әдебиеттер:

1.              Баешов А., Дәрібаев Ж.Е., Шакиров Б.С. «Экология негіздері» Түркістан 2000ж

2.              Мамбетқазиева, Сыбанбеков «Табиғатты қорғау» Алматы 1990 ж.

3.              Жатқанбаев Ж. «Экология негіздері» Алматы 2003ж

4.              Ү.И. Кенесариев, Н.Ж. Жақашов «Экология және халық денсаулығы» Алматы 2003ж.

5.              «Атамекен» журналы

     № 9  9 мамыр 2003 жыл

     № 1  7 қаңтар 2004 жыл

     № 3  11 ақпан 2004 жыл

6.              «Экология» К.Лосев, Провадкин, Москва – 1998г



1. Курсовая на тему Антигены микроорганизмов
2. Сочинение Проблема положительного героя в творчестве Островского
3. Реферат Проблемы духовности в Украине Массовая и элитарная культура
4. Реферат Совершенствование платежной системы ОАО ДБ Альфа-банк
5. Реферат на тему Танская империя в VIII х вв
6. Реферат Корпоративная стратегия и культура организации
7. Диплом Юридическая основа договора строительного подряда
8. Контрольная работа на тему Денежно-кредитная система Великобритании
9. Реферат Бухгалтерский баланс и его роль в организации учета
10. Реферат на тему Puberty Essay Research Paper Lesson PlanTitle Perils